Қазақстан Республикасының спорттық әдебі ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 ақпандағы № 51 бұйрығымен бекітілген.

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Қазақстан Республикасының спорттық әдебі (бұдан әрі – Спорттық әдеп) "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес әзірленді және спортшылардың, жаттықтырушылардың, жаттықтырушы-оқытушылар мен спорт төрешілерінің мінез-құлығының негізгі ережелерін белгілейді.
  2. Негізгі ұғымдар:

      1) жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы – спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін спортшыны даярлаудың оқу-жаттығу процесін және оның сайыс әрекетіне басшылықты жүзеге асыратын жеке тұлға;

      2) жеке жаттықтырушы – спортшыны спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасынан (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командадан) тыс болған кезеңінде оның жеке-дара даярлау жоспарын орындауына бағытталған даярлауды (кемінде үш жыл) жүзеге асыратын жаттықтырушы;

      3) спорттық әдеп – спортшылар, жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар және спорт төрешілері үшін белгіленген мінез-құлық қағидалары;

      4) спорттық жарыс – бекітілген ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спорт түрі (түрлері) бойынша спортшылар немесе командалар арасындағы сайыс;

      5) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен өткізілетін спорттық жарыс, оқу-жаттығу жиыны.

 2-тарау. Мінез-құлық ережелері

  1. Спортшылар, жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар және спорт төрешілері:

      1) қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын алкогольдік, есірткілік немесе уыт-құмарлық мас күйінде болуына жол бермейді;

       2) адал ойын және адал спорттық жарыс қағидаттарын сақтайды;

      3) құрама командалардың өкілдеріне, қарсыластарына, көрермендерге және спорттық жарыстарды ұйымдастырушыларға спорттық іс-шараларда құрметпен қарайды;

      4) басқа спортшылардың, волонтерлердің құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтейді, сонымен қатар оларға қатысты кемсітушілікке жол бермейді және спорттық іс-шаралар мен марапаттау рәсімдері өтетін жерлерде саяси шерулерге қатыспайды;

      5) өзінің спорттық беделіне зиян келтіруі мүмкін даулы жағдайлардан аулақ болады;

      6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне, сондай-ақ спорттық жарыстарға қатысушы елдердің мемлекеттік рәміздеріне ұқыпты және құрметпен қарайды;

      7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясын, мәтінін біледі;

      8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау кезінде Спорттық әдептің этикалық нормаларын ұстанады;

      9) төреші шешіміне құрметпен қарайды және көпшілік даулардан аулақ болады;

      10) спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша алынған спорттық марапаттарға (кубоктарға, медальдарға, грамоталарға және дипломдарға) ұқыпты және құрметпен қарайды;

      11) спорттық жарыстарда марапаттау рәсіміне қатысады;

       12) спорттық жарыстарда, марапаттау рәсімі кезінде, ресми суретке түсіру және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу кезінде спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама команданың) немесе өзінің спорт клубының спорттық костюмдерінде болады;

      13) спорттық іс-шараны жариялайтын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмысына құрметпен қарайды;

      14) басқа спортшыларға еліктеу үшін мысал ретінде өнер көрсетеді;

       15) спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) сақтайды.

  1. Спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға және спорт төрешілеріне:

      1) оқу-жаттығу процесіне қатысы бар ақпаратты жария етуге;

      2) спорттық іс-шара кезінде немесе одан кейін былапыт сөздер мен нормативтік емес лексиканы, қорлау қимылдарын пайдалануға;

       3) спорттық жарыстардың немесе оқу-жаттығу жиындарының барысын себепсіз бұзатын немесе араласатын не Қазақстан Республикасының беделіне немесе имиджіне теріс әсер ететін кез келген әрекет немесе мінез-құлыққа;

      4) ым тілі мен мимиканы қоса алғанда, жазбаша немесе ауызша түрде спорттық іс-шараны өткізу алдында, өткізу кезінде және (немесе) өткізгеннен кейін қандай да бір адамға қауіп төңдіруге;

      5) командада өзінің діни нанымдарын ашық көрсетуге және басқа адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

  1. Жеке жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар спортшылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін білуін қамтамасыз етеді.
  2. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының басшылары Спорттық әдеп мәтінін дене шынықтыру және спорт ұйымдарында, дене шынықтыру –сауықтыру және спорт ғимараттарында көрнекі жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
  3. Дене шынықтыру-спорт ұйымы жаттықтырушымен, жаттықтырушы-оқытушымен еңбек шартын және спорттық қызмет туралы шартын жасасқаннан күні, сондай-ақ спортшыны дене шынықтыру-спорт ұйымына қабылдаған күні оларды жазбаша түрде Спорттық әдеп мәтінімен таныстыруға тиіс.
Cпорттық әдебі