9-11 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында пара пауэрлифтингтен командалық ересектер және жастар арасындағы ҚР Чемпионаты өтті. Жарыста Қазақстанның түкпірінен 120-дан аса спортшы бағын сынады.

«Осы жолы қатысушылардың саны артты, соның ішінде жаңадан келген 20-дан аса спортшы келді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем Чемпионатынан кейін төрешілердің корпусы көбейді. Халықаралық дәрежедегі төрешілердің саны өсіп, төрешіліктің өзі қатал бола бастады. Спортшыларымызға медальді жеңіп алу қиындай түсті, бірақ біздер үшін бұл үлкен артықшылық. Енді спортшыларымыз халықаралық аренаға шыққан кезде, сол жердің төрешілігіне дайын болады», - деді Қазақстанның пара пауэрлифтинг Федерациясының Бас хатшысы Ольга Прокопишина.

Чемпионаттағы жалпы командалық есепте медаль санынан Алматы облысы жеңіп алды. Қостанай облысы – 2-ші орында. Үштікті Қызылорда облысы жапты.

Жалпы командалық есеп (әйелдер):

  1. Қостанай облысы
  2. Алматы облысы
  3. Қызылорда облысы

Жалпы командалық есеп (ерлер):

  1. Алматы облысы
  2. Солтүстік Қазақстан облысы
  3. Жамбыл облысы

Чемпионатта 4 спортшы Қазақстанның рекордын жаңартты: 2020 жылғы пара пауэрлифтингтен Әлем Чемпионатының чемпионы Гүлім Құрманбаева (45 кг дейін), 2018 жылғы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері Давид Дегтярев (54 кг дейін), 2016 жылғы жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева (67 кг дейін), 2018 жылғы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері Рахметжан Хамаев (97 кг дейін).

 «Қазіргі таңда пара пауэрлифтинг елімізде серпінді дамып келе жатыр. Қатысушылардың саны, спортшылардың өнер көрсету сапасы, жаттықтырушылар мен спортшылардың тұғырдағы жұмысының сапасы артты. Егер алдында біз халықаралық жарыстарға шығып, нөлдік нәтиже алып келетін болсақ, енді қазір ақпанда Манчестердегі Әлем Кубогындағы біздің командалық көрсеткішімізді пара пауэрлифтингтен Халықаралық Федерация атап өтті.

Осы Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Токио 2020 Паралимпиада ойындарына лицензия ойнатылатын Fazza Әлем Кубогында бақ сынауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл халықаралық жарыстарға бекітілген спортшылардың мүмкіндіктері мен қабілеттерін бақылау және тексеру. Өкінішке орай, Дубайдағы Әлем Кубогы коронавирусқа байланысты кейінге шегерілді. Нақты күні кейінірек белгілі болады немесе бізге лицензия алатын басқа алаң берілуі мүмкін», - деді пара пауэрлифтингтен ҚР бас жаттықтырушысы Артур Томицский.